ОРМАНДА ӨРТКЕ ҚАРСЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Өрт – тілсіз жау. Адамзат баласына, қоршаған
ортаға тигізер зияны көп, айтып келмейтін апат. Өрттің қашан, қай жерде
болатынын ешкім болжап біле алмайды. Тек, жіті бақылаумен, сақтықпен,
жеделдікпен үлкен өрттің болмауына жұмыс жасалуы тиіс. Осындай
алғышарттардың негізінде Семей филиалы жылдағы дәстүрмен орманда өртке
қарсы оқу-жаттығу іс-шарасын өткізді.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи
резерватының Семей филиалы Семей қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі
басқармасының өрт сөндіру қызметімен бірігіп, жедел іс-әрекетті талап
ететін, жауапкершілік жүгі ауыр өрт сөндіру қызметкерлерінің арасында
өртке қарсы оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды.

Қаншама еңбекті бір-ақ сәтте күлге айналдыратын,
табиғи байлыққа орасан шығын келтіретін өрттің ең қауіптісі орман
ортасында орын алады. Адамдардың отты абайсыз қолдануынан, табиғи
құбылыстың салдарынан, әсіресе, жер құрғағаннан кейін өрт болу қаупі
күшейе түспек. Осыған орай Семей филиалына қарасты Батпай орман
бөлімшесінің 128-ші кварталында қызыл жалынмен күресте құтқарушылардың
өзара күш біріктіре жасалатын іс-қимылдары пысықталды. Әуелгі жаттығу
арнайы дайындалған орынға от қоюдан басталды. Жан-жағы жыртылған ашық
алаңқайға от жағылып, қою қара түтін көкке көтерілді. Орман ортасынан
будақтап шыққан түтінді бірінші Краснокордон орман бөлімшесінің бақылау
мұнарасы байқап, хабар таратты. Өрт болған аймаққа алғашқы болып
Батпай, артынша Қызыл Кордон орман бөлімшесінің орман өрт сөндіру
станциясының қызметкерлері мен бірнеше адамнан жасақталған жедел топ
жетті. Жаттығу ары қарай қосымша күш сұраумен жалғасты. Рация көмегімен
Семей қаласының өрт сөндіру қызметіне мән-жайды толық баяндап, қосымша
күш қажеттігі айттылды. Жедел әрекет еткеннен кейін мемлекеттік өрт
сөндіру қызметінен көп кешікпей қосымша күш те келіп үлгерді. Осылайша
оқу-жаттығу болса да барлық талаптар, ережелер, сақтық шаралары
сақталып, ұйымдасқан түрде оң нәтижеге бағаланар шара жасалды.

«Семей орман» мемлекеттік орман табиғи резерватына
қарасты Семей филиалы жоспарлы түрде жылына бір мәрте көктем мезгілінде
өртке қарсы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл, тек қана орман өрт
сөндіру станциясының мамандарымен жүргізілмейді. Бұған Семей қаласының
мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің адамдары да қатысты. Оқу-жаттығудың
басты мақсаты: орман-дала өрттеріне дайындық. Өрт сөндіру мамандарының
іс-әрекеттері, жылдамдықтары, өрт сөндіру техникаларының жарамдылығын
тексеру және де тәжірибе алмасу. Мысалы, орман ішіндегі өртті қалай
сөндіру керек? Осы тұрғыдан біз қалалық өрт сөндіру қызметінің
мамандарымен тәжірибе алмасамыз, ал ол кісілер бізге өз әдіс-тәсілдерін
көрсетеді. Негізінде, резерват филиалдарының әр бөлімшесінде орман өрт
сөндіру станциясы бар. Олар өртті бірден өшіруге қауқарлы. Десе де,
кейде өрттің аумағы желдің екпінімен лезде үлкейіп кетіп жатады. Сол
сәтте қалалық өрт сөндіру қызметін шақыруға мүдделіміз. Сондай бірігіп
іс атқаратын сәтте бүгінгідей оқу-жаттығудың пайдасы тиеді. Өрт айтып
келмейтін апат болғандықтан әрқашан дайын болу қажет. Әсіресе, табиғи
байлығымыз – орман ішінде өртті болдырмау және сол орман ортасында
орналасқан ауылдарды өрттен сақтау,- деді «Семей орманы» МОТР» РММ
Семей филиалының директоры Нұржан Бекенов.

Өртке қарсы қызмет мамандарының дайындығын
жетілдіре түсуге бағытталған іс-шараға «Семей орманы» МОТР Семей
филиалының Батпай, Қызыл Кордон орман бөлімшелерінің орман өрт сөндіру
қызметі және Семей қаласының өрт сөндіру қызметінің өртке қарсы қызмет
мамандары атсалысты. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметінен 30 адам, 8
техника, «ҚТЖ» ұлттық компаниясының өрт сөндіргіш пойызы, ал орман
шаруашылығынан 2 автоцистерна, 1 трактор, 3 УАЗ, 30 адам қатысты.
Сондай-ақ, аталған шараға «Қазорманқорғау» республикалық мемлекеттік
қазыналық кәсіпорнынан «Лидер-5» тікұшағы мен 4 адам келді.
Техника көмегімен су шаша салу айтқанға оңай. Бет қаратпайтын қызыл
жалынмен алысу шын мәнісінде ерлік. Күннің ыстығы, желдің екпіні өртті
лезде өшіруге мүмкіндік туғыза қоймайды. Шыдамдылық, төзімділік және
ептілік болмаса бас-көзсіз тұра ұмтылу да бекер. Әр істің өз ыңғайы
бар. Сондықтан ыңғайына қарай іс атқарылса, жұмыс нәтижелі болмақ.
Мұхтар СОВЕТЖАНОВ, Жігер САУМЕТОВ.




