КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ – ОРМАН АЛҚАБЫНДА

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи
резерватының кеңсе қызметкерлері өткен жұманы орман алқабында өткізді.
Бір күн кеңседегі компьютер пернетақтасын күрек пен қарағай көшетіне
ауыстырған олар жас өскіндер егіп, орман қорын молайтуға өз үлестерін
қосты. Осылайша, кеңсе қызметкерлері Ұлттық ағаш отырғызу күні
қарсаңында «Парктер шеруі-2021» Халықаралық табиғатты қорғау акциясы
аясында орман алқабына ағаш екті.

Ертемен жиналып, екі арнайы автобусқа бөлініп
отырған қызметкерлер аптаның соңғы жұмыс күнін Жаңасемей филиалының
Подгородний орман бөлімшесіндегі әріптестеріне қолғабыс етуге арнады.
Биыл Жаңасемей филиалы бойынша орман екпелерін отырғызатын аумақ көлемі
өзге филиалдардікіне қарағанда әлдеқайда көп. Аталған филиал биыл 800
гектар жерге қарағай өскінін егіп және 320 гектар аумақтың орман қорын
толықтыруды жоспарлаған болатын. Ал, осы филиалға қарасты Подгородний
орман бөлімшесінің орманшылары өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында
өртенген жерлерді қалпына келтіріп жатыр. Олар өртең жерді көгалдандыру
үшін биыл 499 гектар аумаққа көшет егеді.

Алдын-ала салынған бороздаларға көз салсаң, шегі
жоқ сияқты. Бір дөңнен кейін бір дөң асып жалғаса береді. Біркелкі
түскен бороздаларға екі-екіден жұптасып қаз-қатар тұра қалған кеңсе
қызметкерлерінің бірі қолына «Колесов қылышы» атанып кеткен үшкір
күректі алса, екіншісі егетін көшет салынған пакетті ұстап, екі жылдық
ашық тамыр жүйелі өскіндерді отырғызуға құлшына кірісті. Бел жазбай
қауырт қимылдаған олар түске дейін-ақ межелі аумақтың тең жартысынан
астамына ағаш егіп үлгерді. Түстен кейін де қарқынды жұмыс істеген
әріптестеріміз бұл күні 10 гектар жерге жас көшет отырғызып, көшет егу
– көптің ісі екенін тағы бір дәлелдеді.

Атқарылған жұмыстың сапасын, отырғызылып жатқан
көшеттердің арақашықтығының талапқа сай біркелкі сақталуын Подгородний
орман бөлімшесінің басшысы Құрметхан Мұхамедиев пен бөлімшенің орман
шебері Сейілхан Сейсебав қадағалап отырды.

Бүгін резерват басқармасынан 60 адам келіп,
көктемгі көшет отырғызу науқанына қолғабыс етті. Бір күнде 10 гектар
орман алқабына 50 мың жас өскін егілді. «Адамдарды еңбек
жақындастырады» дейді ғой, бүгін бізге қолғабыс етіп жатқан
әріптестерімізге шексіз алғысымды білдіргім келеді. «Бәріміздің
илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, орман өсіру бәрімізге ортақ
іс болғандықтан, кеңседегі әріптестеріміздің көмек қолын созып, ағаш
отырғызу науқанының межелі мерзімде аяқталуына өз үлестерін қосып
жатқаны қуантады, әрине. Енді еккен көшеттеріміздің жерсіну көрсеткіші
жоғары болсын деп тілеймін,- дейді Құрметхан Мұхамедиев.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты
Жолдауында еліміздегі экологиялық жағдайға баса назар аударған болатын.
Жолдауда Президент 2025 жылға дейін еліміз бойынша орман алқаптарына 2
млрд түп, елді мекендерге 15 млн түп ағаш отырғызу міндетін қойған-ды.
Ал, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мамандары үшін
жыл сайын көктем мен күз маусымында орман алқабына миллиондаған түп
қарағай өскінін отырғызу үйреншікті, дәстүрлі шаруа. Жас көшеттер жаңа
жерді жерсініп, өсіп кетуі үшін ауа райының салқын болғаны қолайлы.
Сондықтан да орманшылар қауымы көктемгі көшет егу жұмыстарын ерте
бастап, күн ысып, топырақ ылғалы құрғамай тұрғанда аяқтауға тырысады.

Осы сапарымызда Подгородний орман бөлімшесінің
аумағына былтыр егілген өскіндердің өркен жайып өсіп келе жатқанын өз
көзімізбен көріп, қуанып қалдық. Келешекте Семей өңірінің сәнін
келтірер әрбір көшеттің араға жылдар салып алып қарағайға айналатыны
сөзсіз. Тек, өлкеміздің баға жетпес байлығына бәріміз жанашырлықпен
қарай білсек екен.
Күлия МАҚАНҚЫЗЫ, «Орман дауысы» газетінің меншікті тілшісі