ОРМАНШЫЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ НАУҚАНЫ
«Семей
орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты көктемгі ағаш отырғызу
науқанын бастады. Биыл резерватқа қарасты 10 филиалдың алтауы орман
қорын молайту мақсатындағы өз істерін жалғастыруда. Сәуір айының
ортасында әр филиалға жоспарға сай қарағай өскіндері жеткізілген
болатын. Бүгінгі таңда екі жылдық ашық тамыр жүйелі өскіндердің
алғашқылары егіліп жатыр.

Табиғат қорын, оның ішінде өте баяу өсетін қарағай
ағашы санының артуын ойлайтын орман саласының мамандары көктем мен күз
мезгілінде жас өскіндерді орман алқабына егуге асығады. Сыртынан қарап
өткенде биіктігі 12-13 метрлік, тіпті оданда жоғары болатын қатар-қатар
орналасқан тіп-тік ағаштар осы қалыпта бірден пайда болғандай көрінуі
мүмкін.

Алайда, бұл әдемі көрініс бірнеше ондаған
жылдардың нәтижесінде түзілген. Қоршаған ортаға көрік беріп, көрген
жанды тамсандырмай қоймайтын қарағай ағашының бұлай өсуі үшін қаншама
тер төгіліп, қаншама еңбек сіңірілгендігі тек орманшыларға ғана аян.

Сол еңбектің бірі – көктемгі ағаш отырғызу науқаны.
Қар кетіп, жер аяғы кеңігенде филиалдар әуелі
тұқымбақтан ашық тамыр жүйелі қарағай өскінін әкеледі. Жеткізілген жас
өскіндерді бірден жерден қазылған немесе қар үйіндісінен жасалған
буртқа орналастырады. Егер, әкелген екі жылдық өскінді ашық алаңқайға
немесе кез-келген жерге қоя салса тамыры солып, жарамсыз болып қалары
сөзсіз. Сондықтан орман мамандары көктемгі науқан аяқталғанша егу
материалдарын дәл осы бурттан шетінен алып отырады.

Биылғы жылдың көктемгі ағаш отырғызу науқанына
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 6 филиалы кірісті.
Атап айтар болсақ орман алқабын толықтыру мақсатындағы көктемгі науқан
Беген, Жаңасемей, Долон, Морозов, Семей және Новошульба филиалдарында
жүргізіледі. Ағаш отырғызуды сәуір айының ортасында бастаған олар
бүгінгі күнге дейін: Беген 201, Долон 84, Жаңасемей 238, Новошульба 18,
Морозов 187, Семей филиалы 136 гектар жерді қамтып үлгерді.
Тұқымбақтан әкелген өскіннің барлығын бір күнде
егіп тастау мүмкін емес. Ағаш егу мамыр айының басына дейін жалғасады.
Сол себепті дәл қазіргі берілген сандық ақпарат ертең өзгеріске
ұшырайтыны белгілі. Десе де, өзгермейтіні – жоспар бойынша белгіленген
көктемгі егуге арналған жердің көлемі. Нақтылай түссек, биыл Беген 650,
Жаңасемей 800, Долон 450, Морозов 750, Семей 550 және Новошульба 100
гектарды ашық тамыр жүйелі қарағай өскінімен толықтыруды жоспарға қойып
отыр.
Ендеше, басталған науқанның сәтті аяқталуына біз де тілекшіміз.
Мұхтар СОВЕТЖАНОВ