ЕҢБЕККЕ – ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ
Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында ішкі туризмді дамытуға қосқан үлесі
үшін бірқатар адамға Шығыс Қазақстан облысы және Семей қаласы әкімдерінің Алғыс хаты мен Құрмет
грамотасы табыс етілді. Марапатқа ие болғандар арасында «Семей орманы»
мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері де бар.
Семей қаласы әкімінің Құрмет
грамотасымен марапатталған Құрметхан Мұхамедиев пен Марина Булатованың
өңіріміздегі ішкі туризмді дамытуға қосқан үлестері айтарлықтай. Атап
өтер болсақ, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты
Жаңасемей филиалына қарасты Подгородний орман бөлімшесінің басшысы
Құрметхан Мұхамедиев аталған бөлімше аумағына демалуға келетін қала
тұрғындарының тынығуына қолайлы жағдай жасау үшін барын салып жүрген
жан. Орман ішіне алтыбақан орнатып, волейбол, футбол, баскетбол
алаңдарын жабдықтап, келушілердің ала келген ас-суларын ішіп, дастархан
басында әңгіме-дүкен құрулары үшін ағаштан күркелер жасатқан болатын.
Ал қыс маусымында мұнда шаңғы теуіп, шанамен немесе конькимен
сырғанаудың қызығы тіптен ерекше. Өз жұмысына адал, өзгелерге де
талапшыл тәжірибелі басшы Құрметхан Әубәкірұлы қашан барсаң да осы
демалыс аумағында, бар шаруаның басы-қасында өзі жүреді. Биылғы
қаңтар-қыркүйек аралығында ерекше қорғаудағы табиғи аумаққа келушілер
саны 6065 адам болса, олардың 2915-і бос уақытын Подгородний
бөлімшесінде өткізген. .

Ал, Ғылым, ақпарат, экологиялық ағарту және
мониторинг бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марина Булатова «Семей
орманы» резерваты Жаңасемей филиалының аумағындағы «Киелі бастау»
(«Святой ключ») және Морозов филиалындағы «Орман құпиялары» («Лесные
тайны») экскурсиялық соқпақтарының авторы. Сәйкесінше, 2010 және 2015
жылдары іске қосылған экологиялық соқпақтар әуесқой туристер, оқушылар
мен студенттер үшін танымдық, тәрбиелік, экологиялық, мәдени маңызға ие.

"Семей орманы" резерватындағы негізгі
міндеттердің бірі ерекше қорғалатын табиғи аумақта
туристік-рекреациялық қызметті дамыту болса, адамдарға қуаныш сыйлауға
ұмтылудан жалықпайтын орман саласының мамандары бүгінде 4 филиалда
маусымдық демалысты ұйымдастыру бойынша жұмыстарды сәтті жолға қойып
отыр. Осының арқасында резерват аумағында демалушылар саны да
жылдан-жылға артып келеді.
«Орман дауысы» газетінің тілшісі.
Күлия МАҚАНҚЫЗЫ