ЖАҢАЛЫҚТАР
18.10.2021
  
КӨҢІЛГЕ ҚОНҒАН КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕ

   Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің «Агротехнопарк» ғылыми орталығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңке-көрмесі өтті.
 Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, озық шаруашылықтардың тәжірибесін, ғылыми жетістіктерді паш ету, іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында өткізілген іс-шараға «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты да қатысқан болатын. Орман саласының мамандары көрмеге орман ресурстары мен оларды ұтымды пайдалану, оның ішінде жабық тамыр жүйелі қарағай өскіндерін, орман өсімдіктері мен жидектерін, ағаштан жонылған күректің, балтаның саптарын, жас шыбықтан, қарағай бүршіктерінен жасалған себеттер т.б. қолдан жасалған бұйымдарды жұрт назарына ұсынды.
 – «Семей орманы» резерватымен 2005 жылдан бері ынтымақтастық қарым-қатынастамыз. Біздің студенттеріміз алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырып, кәсіби шыңдалатын бірден-бір мықты база десек, артық айтқандық емес. Өздеріңіз көріп тұрғандай, міне,біздің шәкірттеріміз орман қорындағы ресурстарды ұтымды пайдаланып, келушілерге түрлі шөптер, жидектер қосылып демделген ыстық шайларын ұсынып жатыр. Өсімдіктерді жинау кезеңі оның ағзаға пайдалы болатын кезіне сәйкес келуі керек. Студенттеріміз саңырауқұлақ, жидектер мен шөптерді өздері жинап, морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, кептірілген, мұздатылған немесе тосап түрінде қайнатылған күйде пайдаланудың тиімділігін ажыратады, - дейді Шәкәрім университетінің «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасының менеджері Гүлнара Жаманова.
    Көрмеге қатысушылардың қайсыбірінің әкелген өнімдеріне қызығушылық танытқандар көп болды. Мысалы, жәрмеңке-көрмеге келушілер пышақ үстінен үлестіріп алып кеткен өнімнің бірі – «Биогумус» тыңайтқышы. Бесқарағай ауданында өндірілетін «Биогумус» – көптеген пайдалы элементтерден тұратын, топырақтың құрамын байытып, өсімдіктің жақсы өсіп, мол өнім беруіне септігін тигізетін органикалық тыңайтқыш.
   – «Биогумус» кешенді органикалық минералды тыңайтқышы – ауыл шаруашылығының органикалық қалдықтарын калифорния қызыл жауын құрттары қайыра өңдейтін экологиялық таза өнім. Мұның Қазақстанда баламасы жоқ, алғашқы болып біз өндіріп отырмыз. Бұл топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тұқымның өсіп-жетілуін жылдамдату, өсімдіктердің беріктігін арттыру, тамыршірігін болдырмау, өнімділігін көбейту үшін қолданылады, - дейді «Биогумус» өндірісінің биотехнологы әрі биохимигі Антонина Александровна.
    Ал, Шәкәрім атындағы университеті ветеринария кафедрасының аға оқытушысы, ветеринария ғылымдарының магистрі Дәулетбек Мұратбаев көпшілік назарына өз студенттерімен бірге өсіріп жүрген бөденелері мен бөдене жұмыртқасын әкеліпті.
    – Бөдене үй құстарына қарағанда өзіндік бапты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Мұны ұстайтын орында +18 градустан төмен емес, бірақ +25 градустан жоғарыламайтын температура болуы керек. Температура осыған сәйкес болмаса, жарық тәртібінің уақыты (16-17 сағат) сақталмаса, олар жұмыртқаламайды. Сондай-ақ, бұлар басқа құстар сияқты кез келген жемді жей бермейді. Өте сезімтал құс,– дейді Дәулетбек Мұратбаев.
  Сонымен қатар, көрмеге Шәкәрім жоғары колледжі студенттері мен Семей қаласының бірқатар мектептері қатысып, «Алтын күз сыйлықтары» байқауында бақтарын сынады.
    Іс-шара соңында қатысушы мекемелерге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңке-көрмесіне үлес қосқаны үшін университет ректорының Алғыс хаты мен дипломдар табыс етілді.

Ғылым, ақпарат, экологиялық ағарту және мониторингі бөлімі.




















УАҚИҒАНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ




123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930







Карта региона