ЖАҢАЛЫҚТАР
26.11.2021
  
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ЖҮРЕКТІҢ ІСІ



    Қай заманда да ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген қазақ халқында «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады» деген мақал бар. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Біздің қоғамда қайырымдылық жасаумен тек бай, дәулетті адамдар айналысуы керек деген түсінік қалыптасып қалған. Бірақ, қайырымдылық жасау үшін асып-тасқан бай болу шарт емес, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.
   Осындай игі істі өткен аптада «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына қарасты Семей филиалы ұйымдастырды. Бастама жасап, сауапты іске ұйытқы болған Семей филиалының директоры Нұржан Бекенов. Жас та болса бас болып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созсақ деген оймен учаскелік инспектор арқылы Шығыс саяжай аумағында тұратын Қалиевтар отбасының мекен-жайын тапқан Нұржан Қуанышбекұлы көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созу әрбір азаматтың міндеті деп біледі.
    Қалиевтар отбасының аталған саяжай аумағына қоныстанғанына 19 жыл болыпты. Ешкімге қол жаймай, адал еңбегімен бала-шағасын асырап жүрген отағасы осыдан 4 жыл бұрын инсульт алғаннан бері еңбекке жарамсыз. Тепсе темір үзетін жаста ІІ топтағы мүгедек атанған Миллат Қалиевтің отбасы үшін алты ай қысқа отын мен көмір алу да оңай емес. Ауырғанға дейін ағаш дайындайтын өндіріс орнында жұмыс істегендіктен, кей жылдары отынмен жора-жолдастары қамтамасыз етіп келген. Биыл күтпеген жерден қыстық отын түсіріп берген «Семей орманы» резерваты Семей филиалының қызметкерлеріне отағасының айтар алғысы шексіз.
    - Шынын айтқанда, қысқа жіп күрмеуге келмегендіктен, отын ала алмай отыр едік. Қазір мүгедектігіме байланысты алатын жәрдемақыға қарап қалдық. Зайыбым да маған қарайлайды әрі 4 жаста кішкентайымыз бар. Үлкен балаларым 7-ші және 8-ші сыныпта оқиды. «Семей орманынан» отын әкеліп береміз деп хабарласқанда, қатты қуандық. Ол жігіт өзінің есімін де айтқан жоқ, міне, Сізден естіп отырмын. Менің отын бұтай алмайтынымды ескерген-ау, бұталып, жарылған дайын отын әкеліпті. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген ғой бабаларымыз. Нұржан бауырыма Алла разы болсын! Отбасымның атынан көп-көп рахмет айтамын,- деді Миллат Қалиев толқығаннан даусы дірілдеп. Азаматтың жай-күйін түсіндік...
    Иә, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, жоқ-жітікке қарасу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қоғамның негізгі тірегі де – мейірімді, бауырмал, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап, көмекке дайын тұратын адамдар. Ендеше, қайырымдылық сынды қайырлы қасиетті қара бастың қамынан жоғары қоя біліп, қысылтаяң шақтарда бір-бірімізге қолдау білдірсек, жалаулатып өткізіп жататын түрлі жобалар мен қандай да бір акцияның жариялануын күтпей-ақ жақсылық жасайтын болсақ, адамгершілігіміз айғақталып, мұқтаж жандардың өмірге деген сенімі де арта түсері анық.

 


Күлия МАҚАНҚЫЗЫ, «Орман дауысы» газетінің тілшісі








УАҚИҒАНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ




123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930







Карта региона