ЖАҢАЛЫҚТАР
29.12.2021
  
ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ ҚЫСҚЫ ФЕСТИВАЛЬ

   «Семей орманы» МОТР» РММ Жаңасемей филиалының Подгородний орманшылығында «Happy Winter Fest» қысқы демалыс және туризм фестивалі өткізілді. Фестивальді орманшылар Семей қаласы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт бөлімінің туризмді дамыту секторының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырды. Осы іс-шара барысында орманшылықта жылдағы дәстүрмен қысқы демалыс кешені ашылды.
          Демалыс орнының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Дене шынықтыру және спорт бөлімінің туризмді дамыту секторының меңгерушісі Азамат Құрманғалиев пен Жаңасемей филиалы директорының орынбасары Сымбат Ағламбековтер қысқы демалыс кешенінің лентасын қиып, келушілерге демалыс күндерінің сәтті өтуін тіледі.
    Семейдің Павлодар қаласына қарай шығатын тас жолдың бойына жақын орналасқан Подгородний орманшылығы аумағындағы қысқы демалыс кешенінде мұз айдын да, сырғанақ та, шаңғы соқпағы да бар. Кешен орналасқан аумаққа ерекше көрік беріп, сонадайдан көз тартып тұрған – алқызыл оюмен өрнектелген ақшаңқан киіз үй. «Биыл тігілген сегіз қанат киіз үйді алдағы уақытта қазақтың ұлттық бұйымдарымен жабдықтап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, насихаттауға үлес қоспақпыз»- дейді Подгородний орманшылығының басшысы Құрметхан Мұхамедиев. Ол өз сөзінде демалыс кешенін дайындау барысында уақытпен санаспай жұмыс істеген орманшылық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
     Жалпы, мұндағы демалыс күркелерін жалға алу – әр адамға 300 теңгеден. Балаларға – тегін. Сонымен қатар, демалушылар үшін жылыну пункті, өз спорт құралдары болмаған жағдайда шаңғы, коньки, тюбингтерді жалға алу мүмкіндігі қарастырылған. Орманда орналасқан демалыс аймақтарына келем деушілер ҚР орман заңнамасына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа (ЕҚТА) рұқсат қағазын алған соң ғана кіре алады. Демалушылардың ерекше қорғалатын табиғи аумаққа енуін бақылау мақсатында аталған орман бөлімшелеріне бақылау-өткізу бекеті қойылған. ЕҚТА-ға кіруге рұқсат қағазы – бір адам үшін 292 теңге. Демалыс орны күнделікті 9.00-дан 18.00-ге дейін жұмыс істейді.












Ғылым, ақпарат, экологиялық ағарту және мониторинг бөлімі









УАҚИҒАНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ




123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930







Карта региона