ЖАҢАЛЫҚТАР
10.06.2022
  
МЕКТЕП ОРМАНШЫЛЫҚТАРЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ АЙМАҚТЫҚ СЛЕТІ

    Маусымның 6-шы жұлдызында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Жаңасемей филиалының Подгородний орманшылығында мектеп орманшылықтары мүшелерінің аймақтық слеті өтті. «Саябақтар шеруі-2022» халықаралық табиғат қорғау акциясы аясында «Ертіс өңірі ормандарының биоалуантүрлілігін сақтаймыз» тақырыбымен өткізілген іс-шараны ұйымдастырғандар: «Исток» балалар мен жастар шығармашылығы орталығы» қоғамдық бірлестігі мен «Семей орманы» резерватының ұжымы.
    Слетке Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарының резерват филиалдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан 8 мектеп орманшылығы қатысты. «Биоалуантүрлілік», «Экология», «Дәстүрлі білімдер», «Деректеме карточкасы» сынды кезеңдер бойынша сынға түскен командалар өздерінің білімдері мен шапшаңдықтарын сынады, сурет көрмесін ұйымдастырды және өз өнерлерін ортаға салды.
    Қатысушылар өлкеміздің орман байлығы, оны қорғау, орман экологиясы, ормандағы өрт қауіпсіздігі, орман дәріханасы тақырыптарында берілген сауалдарға жауап беріп, орман туралы мақал-мәтелдер айтудан жарысып, ақылды ой, алғыр сөз арқылы көріне білді. Компас арқылы жергілікті жерде бағдарлай алу мүмкіндіктерін көрсетті. Жас табиғат жанашырлары өзара байланыс орнатып, өзге мектеп орманшылықтарының атқарып жатқан жұмыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болды, тәжірибе алмасты.
    Сайыс нәтижесінде І орынды Бородулиха ауданының Абай атындағы орта мектебінің «Скворец» командасы жеңіп алды. ІІ орынды Бесқарағай ауданы Мало Владимировка мектебінің «ЭКОС» командасы еншіледі. ІІІ орынды Көкпекті ауданының Үлкенбөкен ауылынан келген «Кедр» командасы иеленді.
    - Біздің мектеп Тау-дала филиалының Үлкен Бөкен орманшылығымен тығыз жұмыс істейді. Мен мектеп орманшылығы командасының құрамында осы слетке қатысқаныма қуаныштымын. Біз өзіміз сияқты командалармен танысып, оларды әр қырынан көрдік, ой түйдік, өз дайындығымыздың деңгейін де байқадық. Мұндай іс-шаралар отансүйгіштікке баулып, қоршаған ортаны қорғауға үндейді,- дейді «Кедр» командасының мүшесі, 7 сыныпты биыл тәмамдаған Максим Русякин үлкен адамдай салмақты сөйлеп. Айта кету керек, мектеп орманшылықтарының жұмысы өскелең ұрпақты табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу, табиғатты дұрыс пайдалану дағдыларын қалыптастыру, биология, экология және басқа да жаратылыстану ғылымдары саласындағы білімдерін кеңейту, еңбек дағдыларын қалыптастыру, балалардың туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыруға бағытталған.
    Күлия МАҚАНҚЫЗЫ
   

С уважением, отдел туризма,

экологического просвещения и науки
РГУ «ГЛПР «СЕМЕЙ ОРМАНЫ»
РК, ВКО, г.Семей, п.Красный кордон,
ул. Туктабаева, 19, индекс 071404
Контактные телефоны: 8(7222)777-289,
факс: 8(7222)777-337
https://www.facebook.com/glpr.semeyormany





























УАҚИҒАНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ




123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930







Карта региона