Кеше «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи
резерватына қызметтік іссапармен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар
министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова келді.
«Семей орманы» МОТР бас директорының міндетін
атқарушы Болат Бердікенов Жаңасемей филиалына қарасты Подгородний
орманшылығының II типті ОӨС және өрт-бақылау мұнарасының жұмысымен, орман
өртімен күрес жүйесімен, туристік және рекреациялық қызмет атқаратын туристік
соқпақпен, орман аумағында орналасқан
демалыс орындарымен таныстырып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар етті.
Қонақтар "Святой
ключ" туристік маршрутымен танысып,"Сфера" демалу алаңқайына
және жер учаскесін ұзақ мерзімді жалға алушы «Елім-ай» демалыс базасына да ат
басын бұрды.
Осы сапар
барысында еліміздің шығысында орналасқан Батыс Алтай және Марқакөл қорықтары
мен Катонқарағай ұлттық паркінде болған Әлия Лазарқызы Шалабекова туристік
бағыттар мен соқпақтар жасау, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
рекреациялық қызметтер үшін тиісті инфрақұрылым құру, туристік бағыттар мен
соқпақтардың эстетикалық сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізу арқылы
ерекше қорғауға алынған табиғи аумақтарды рекреациялық қажеттіліктерге дұрыс
пайдалану керектігін атап өтті.
-Осы жолы Батыс Алтай және Марқакөл
қорықтары мен Катонқарағай ұлттық паркінде болып, енді бүгін «Семей орманы»
резерватына келіп тұрмыз. Еліміздің шығысында орналасқан қорықтардағы табиғат
байлықтарын қорғау және ғылыми зерттеу жұмыстарымен таныстық. Катон Қарағай
ұлттық паркіндегі биологиялық туризмнің даму деңгейін, туристік соқпақтардың
жайын көрдік. Бүгін «Семей орманы» резерватында «Ерекше қорғауға алынған табиғи
аумақтарды рекреациялық қажеттіліктерге қалай пайдалануға болады?» деген оймен
аралап, көріп шықтық. «Семей орманы» резерваты бас директорының міндетін
атқарушы Болат Оразханұлы атап өткендей, инфрақұрылымды дамытудың Бас жоспарына
түзету енгізіліп, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарауға жіберілген. Бас
жоспар бекітіліп, экологиялық сараптамадан өткеннен кейін, туристік және
рекреациялық қызметтерді дамыту бағытындағы жұмыстар қолға алынады деп
ойлаймын. Бұл салаға қаражат салып, қызмет көрсетуге құлшынып отырған
инвесторлар да жоқ емес,- дейді Әлия Шалабекова
Күлия МАҚАНҚЫЗЫ