Судиялар жас қарағай көшеттерін отырғызды
Cемей қалалық сотының ұжымы орман алабын көгалдандыру бойынша жас қарағай көшеттерін отырғызды. Аталған шараға Семей қалалық сотының төрағасы Ақан Жұмағұлов бастаған сот ұжымы мен «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты қызметкерлері қатысты. Қолдарына күрек алып, ағаш отырғызған судиялар, ағаш отырғызу – игілікті іс екенін айтады.
«Қаланы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына әрбір қала тұрғыны қатысуы керек. Көгал мол болса, ауа да тазара түседі. Оның үстіне ағаш отырғызу көктемнің негізгі белгісі, табиғаттың жаңарып, гүлденуі. Биылғы жылы қаланы көріктендіру ісіне біз де өз үлесімізді қосқымыз келді», - дейді қалалық сот төрағасы Ақан Жұмағұлов.
Бұл күні акцияға қатысушылар«Семей Орманы» табиғи резерватының питомнигінен әкелінген 300 түп жас қарағай көшеттерін отырғызды. Көшеттер екі жылдай арнайы орында өсірілгендіктен табиғатқа бейімделген. Сондықтан жас түптер, күн райы жайлы болса тез көркейіп кетеді деген үміт бар.
«Бүгін міне Семей қалалық сотының ұжымы Семей Орманына келіп 300 көшет жас қарағай отырғызып жатырмыз. Бұл еліміздің, ұрпақтың болашағы. Сондықтан біз де ұжым болып өз үлесімізді қосып жатырмыз. Әрқашан әр ұлттың, әр елдің азаматы өз елі, өз жері үшін осылай қолын тигізбей еңбек етсе дұрыс деп ойлаймын. Еліміз жасылданып, жаңарып мәңгілік ел болып өсе берсін», - дейді Семей қалалық сотының судиясы Тілеухан Әділжанов.
Биылғы жылы «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 630 гектар аумаққа мөлшері 3 млн жас қарағай көшеттері отырғызылған екен.
«Орманды көгалдандыру жұмыстары нәтижелі болуы үшін қажетті жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын әртүрлі мекемелер өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатады. Мәселен биыл қалалық прокуратура мектеп оқушыларымен бірлесе отырып, сондай-ақ қалалық №2 сот ұжымы қарағай ағаштарын отырғызды. Бүгін олардың қатарына Семей қалалық сотының ұжымы қосылды. Студенттер, әртүрлі мекемелер де жыл сайын орманды көгалдандыру жұмыстарына ынталарын білдіріп, белсене қатысады», - дейді «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалы директорының орынбасары Айдын Байжулдинов.
Асан МЫРЗАХАНОВ
|